Домбыра класының негізін қалаған алғашқы ұстазымыз —

Құрманғали Рахымұлы Рахимов

(1927-1980)

 

          ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ МӘҢГІЛІК

Алматының Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Консерваториясының алғашқы түлектерінің бірі, жерлесіміз  домбырашы Құрманғали Рахимовтың  есімі – Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің тарихында алтын әріппен жазылған.

Біздің музыка училищеміздің құрылғанына 50 жыл қарсаңына байланысты жарық көрген өзінің алғашқы төл шәкірттерінің бірі, осы училищеде ұзақ жылдары директорлық қызмет жасаған Отантай Кәрібжановтың «Әуез ордасы» атты кітабында былай деп көрсетілген:

«Қазақ халық аспаптар бөлімінің негізін салушы ретінде Құрманғали Рахымұлы Рахымовтың есімін атаған орынды. Ол 1944 жылы өзінің орындаушылық қызметін Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінен бастайды. 1946 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына түсіп, оны 1952 жылы тәмәмдаған Қ.Р.Рахымов 1955 жылы домбыра-тенор класына оқытушылық қызметке Семейдің музыка училищесіне шақыртылады, сол жерде 1980 жылға дейін еңбек етеді. Ол – өте тамаша музыкант әрі оқытушы. Әрдайым жинақы, өте ұстамды, аз сөйлейтін, бірақ талап қойғыш және принципшіл, өзінің әріптестері мен шәкірттерінің есінде дәл осындай адам ретінде сақталып қалды».

Қ. Рахимов   консерваторияны — Құрманғазының «Адай», «Ақбай», «Терісқақпай»  т.б. күйлерін жеткізген Қазақстанның халық артисі Қали Жантілеуовтің класынан  бітірген. Қалидың  ұстазы – Мәмен болса ол Құрманғазының өз қолынан бірнеше күйлерін үйренген сүйікті шәкірттерінің бірі болған.

Қ. Рахимов,  ұстаздық еткен жылдары  Қазақстанның көптеген облыстарынан жүзге тарта домбырашы шәкірттеріне дәріс берген.  Алғашқы шәкірттері: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері белгілі дирижер  М. Айдаболов, А.Байқыдыров, М. Тобықбаев, М. Әбеновтар 1960 жылғы түлектері болған. Ұстаз аманатымен өмірлерін музыкаға,  күй өнерінің дамуына  арнаған шәкірттері жетіліп артылады. Олар: М. Масалимов, Б. Аманов, С. (1961 ж.т.) Жұманалиев, Б. Елеуғожин (1962 ж.т.), М. Қоқымбаев, М. Бексеитов, А. Қылышбеков (1963 .т.) О. Кәрібжанов, Т. Сығаев, С. Қанапьянов,  Д. Ахметжанов, Е. Мамаев (1965 ж.т.), С. Ашимбеков (1966 ж.т.),  Қ. Досымжанов, Ә. Қыңырбеков (1967 ж.т.),  А. Тұрғанбаева, М. Іштебаев (1968 ж.т.),  Жексенбай-Сембай  Наурызбаевтар, Бидахмет-Сайдахмет Сапарбековтар, К. Алдажұманов (1969 ж.т.), М. Есімжанов,  М. Әшмұханбетов,  Ә. Мағзумов (1971 ж.т.), Ә. Әзербаев, А. Алипов (1972 ж.т.), Ә. Атығаев, М. Сәрсенбеков, Н. Алимжанов, Д. Жүкешов (1973 ж.т.),   Ү. Нұртазина,  А. Ержанов, Нұрлан-Нүркамал Қожықовтар, Рақымбек-Ғайша  Ноғайбаевтар (1974 ж.т.), Т. Әмірбаев, Т. Базаров, Қ. Жақияев, А.Аринов (1975 ж.т.), Қ. Рахимбеков, (1976 ж.т.) Т. Ағзамов, Ж.Бекентұров, М. Құсайынова, О. Бейсекеев (1977 ж.т.) З. Жұматаева,  А. Зготов (1978 ж. т.) және әртүрлі себептермен оқуын аяқтай алмаған да кейбір   талантты домбырашы шәкірттері болған.

Қ. Рахимов,  күй өнерінен артына мәңгі із қалдырған дара тұлға.

Тамырын тереңге жайған алып бәйтерек – Ұлы Құрекең Рахимов болса, бүгіндері танымал орындаушылар, күйші композиторлар: Секен Тұрысбеков, Айбек Бекбосынов сияқты тағы басқалары, дарынды ұстаздың ізбасарлары – немере -шөбере- шөпшек…  шәкірттерімен жалғасып есімі мәңгі жасай бермек.

Құрманғали  Рахимов – шығыс өңірінен шыққан тұңғыш дарабоз кәсіби домбырашы, есімі әйгілі болған ҰЛЫ ҰСТАЗ!

« из 11 »