Семей қаласы әрқашанда Қазақстанның мәдени-рухани астанасы саналып келеді. Осында 1955 жылы 17 тамыз айында Қазақ ССР, Халық шаруашылығының №318-17 жоспарына сәйкес облыстық атқару кеңесі депутаттарының шешімімен музыкалық училище ашылды. Фортепиано, хорда дирижерлік ету, домбыра, баян және үрлемелі аспаптар мамандықтары бойынша алғашқы 50 адам студент болып қабылданды. Училищенің өз оқу ғимараты болған жоқ. Тек, 1970 жылы ғана бұрынғы «Пугачева», қазіргі Ж.Дастенов көшесі №29 жаңа бес қабатты ғимаратқа орналасты.

1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысымен, Семейдің музыкалық училищесіне Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың Лауреаты, СССР Халық әртісі, композитор Мұқан Төлебаевтың есімі берілді. Мұқан Төлебаев – нағыз ұлттық нақыштағы, өзіндік ерекшелігі бар дарын иесі. Қарапайым халықтың қуанышы мен шаттығының қайнар бұлағынан нәр алып, оның музыкалық фольклорын зерделеуден бастаған композитор қазақ әндерінің терең мазмұнын аша білді.

Мұқан Төлебаев халық шығармаларының мазмұн тереңдігіне шығармашылық сипат бере отыра, оныңбояулары мен өрнектеріне жан бітірді. М.Төлебаев өнердегі жолын әнші ретінде бастаған. Ол қазақ романсі жанрының негізін салушылардың бірі болып саналады. «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» сияқты лирикалық әндері оның шығармаларында маңызды орын алады. Қазақтың кәсіби өнерінің інжу-маржанына айналған К.Жұмалиевтің либреттосына жазылған «Біржан –Сара» операсын, композитордың шығармашылық шыңы деп айтуға болады. Ол симфониялық оркестрге арналған «Қазақстан», «Той», «Қобланды», «Қазақ увертюрасы» т.б. поэмалар жазды.

Мезгілсіз қаза оның көптеген ойларын жүзеге асырмай тастады. Мұқан Төлебаев – Қазақ кәсіби музыкасының мақтанышы. Оның шығармашылығының маңыздылығы тек Республика деңгейінде қалып қоймай, барлық адамзаттың игілігіне айналды деуге болады.

1979 жылы мамыр айында Семейдің музыка училищесінің негізінде ұйымдастырылған, Қазақстан композиторлары Одағының «Ертіс өңірі» бөлімшесінің ашылуы үлкен жаңалық болды. Үш облыс Семей, Павлодар, ШҚО композиторларын біріктірген алғашқы аймақтық ұйымның бірінші төрағасы болып, Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаев сайланды. Кейіннен оны өзінің талантты шәкірті композитор Жолдыбай Дастенов алмастырды. 1989-2012 жылдары Ертіс өңірі бөлімінің төрағасы, Қазақстан және СССР композиторлар одағы басқармасының мүшесі Олег Джанияров болды.