Училище тарихы


Осында 1955 жылы 17 тамыз айында Қазақ ССР, Халық шаруашылығының №318-17 жоспарына сәйкес облыстық атқару кеңесі депутаттарының шешімімен музыкалық училище ашылды. Фортепиано, хорда дирижерлік ету, домбыра, баян және үрлемелі аспаптар мамандықтары бойынша алғашқы 50 адам студент болып қабылданды. Училищенің өз оқу ғимараты болған жоқ. Тек, 1970 жылы ғана бұрынғы «Пугачева», қазіргі Ж.Дастенов көшесі №29 жаңа бес қабатты ғимаратқа орналасты.

1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысымен, Семейдің музыкалық училищесіне Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың Лауреаты, СССР Халық әртісі, композитор Мұқан Төлебаевтың есімі берілді. Мұқан Төлебаев – нағыз ұлттық нақыштағы, өзіндік ерекшелігі бар дарын иесі. Қарапайым халықтың қуанышы мен шаттығының қайнар бұлағынан нәр алып, оның музыкалық фольклорын зерделеуден бастаған композитор қазақ әндерінің терең мазмұнын аша білді.

1979 жылы мамыр айында Семейдің музыка училищесінің негізінде ұйымдастырылған, Қазақстан композиторлары Одағының «Ертіс өңірі» бөлімшесінің ашылуы үлкен жаңалық болды. Үш облыс Семей, Павлодар, ШҚО композиторларын біріктірген алғашқы аймақтық ұйымның бірінші төрағасы болып, Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаев сайланды. Кейіннен оны өзінің талантты шәкірті композитор Жолдыбай Дастенов алмастырды. 1989-2012 жылдары Ертіс өңірі бөлімінің төрағасы, Қазақстан және СССР композиторлар одағы басқармасының мүшесі Олег Джанияров болды.