Тарихтың осы бір қуанышты дүрбелең кезінде, яғни 1955 жылы Семей қаласында музыка училищесі ашылды. Осы училищенің алғаш іргетасын қалаушылардың қатарында Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының алғашқы (үшінші) түлектерінің бірі, атақты домбырашылар Қали Жантілеуов пен Рүстембек Омаровтың және дирижер, ғалым, академик Ахмет Жұбановтың шәкірті Құрманғали Рахымұлы Рахимовтың есімі ерекше аталады. Осыған орай, Тәуелсіздігіміздің 30 жылы толуы қарсаңында Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінде 2021 жылдың маусым айының 12 сі ерекше күн болып өтті. Өйткені Құрманғали Рахымұлына және Оразғали Жүнісбекұлына арнап арнайы кластар ашылды. Құрманғали Рахымұлы Қазақ ССР-нің еңбегі сіңірген мұғалімі, домбыра класының негізін қалаушы, ұлағатты ұстаз, дәулескер күйші. Құрманғали Рахымұлына арналған кабинеттің салтанатты ашылу рәсімінің лентасын Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестірінің дирижеры, ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентуров кесті.
Оразғали Жүнісбекұлы Сейтказин туралы мәлімет беретін болсақ, Оразғали Жүнісбекұлы Сейтказин Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, қобызшы, дирижер, композиторы, белгілі сазгер 1969 жылы Қарағандының музыкалық училищесің бітірген соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қылқобыздан дәріс алған. 1974 пен 2001 жылдар аралығында осы музыка училищесінде еңбек етіп, қылқобыз класын алғаш ашқан. Бүгінде жерлесіміздің есімі тек Шығыс өңіріне ғана емес, елімізге танымал. Осы ағамыздың құрметіне училищемізде арнайы класын ашу салтанатын қобыз бөлімнің ардагер аға ұстаздарына Мәдениет саласының үздігі Мырзағалиева Төлеген Тоқанқызына және Мәдениет саласының үздігі Наймангожина Шолпан Жанәбілқызына берілді.
Класстардың ашылу салтанатына Оразғали Жүнісбекұлының жұбайы, ұрпақтары, облыстың, қаламыздың зиялы қауым өкілдері, Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.
Тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау мақсатында осындай игі бастама бастаған училище директоры Сайлауғазы Жұмағазыұлы салтанатты рәсім барысында жиналғандарға өзінің ізгі тілегін алғаш болып жеткізіп интервью берді: «Аталмыш кабинеттерден қаншама студенттер дәріс алып, Құрманғали Рахымұлы мен Оразғали Жүнісбекұлының өнердегі, мәдениет саласындағы өнеге жолдарын, Шығыста ғана емес республикамызға танымал, өнер адамдарымыздың жолдары әрбір студентке түсіндіріліп, ұрпақ санасына сіңуі тиіс, осындай тарихи тұлғалардың еңбегін елеп, әркез ұмытпауымыз керек. Училищемізде алдағы уақытта да белгілі тұлғаларымыздың атына арналған кабинеттерді ашу жоспарда бар. Себебі кез келген өнер ордасының кабинеттерінде тұнып тұрған тарих пен рухани байлық бар», — деді өз сөзінде училищеміздің директоры.